Алғашқы аққулар Ақсуға келді

Алғашқы аққулар Ақсуға келді
Фото: pixabay.com

Әзірге киелі құстың екі түрі оралған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов облысқа аққулардың ұшып келе бастағанын хабарлады. Құстар сұңқылдақ және қиқылдақ аққу түрлеріне жатады.

— Ақсу ауылдық аймағы мен Павлодар ауданының далалы жерлеріндегі еріген қар суына аққулар қона бастады. Қауырсын қанаттыларды біздің мекеменің инспекторлары байқаған. Аққулардың келуі алдағы уақытта күннің күрт жылынатынын білдіреді, — дейді мекеме басшысы.

Аждар Жүсіповтің айтуынша, сұңқылдақ аққулар елімізде кең тараған. Көбіне еліміздің Солтүстік, Орталық және Оңтүстік-Шығыс өңірлерінің қалың қамысты-қоғалы ірі көлдерін мекендейтін болса, қызыл кітапқа енген қиқылдақ аққу Павлодар өңірінде жиі кездеседі.