Ертіс өзенінде мұз астына түсіп кеткен балықшы құтқарылды
Құтқарушылар ер адамды көмек көрсету үшін медицина қызметкерлеріне тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 наурызда сағат 12:01-де 112 пультіне Ертіс өзенінде балықшы мұз астына түсіп кеткені туралы хабарлама түскен.
– Осы уақытта сол жерде екі адам болған. Олардың бірі – балықшы. Екіншісі өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері болып шықты. Жүргізуші жұмыстан тыс уақытта Ертіс өзенінің бойында жүгіруге шыққан. Сол кезде «құтқарыңдар!» деген дауысты естіп қалған, – дейді департаментте.
Азаматтық қорғау қызметкері Сағидолла Маймаков дереу 112 құтқару қызметіне қоңырау шалып, оқиға туралы хабарлаған. Содан кейін екеуі жолдан ұзын таяқ тауып алып, батып бара жатқан адамға қарай жүгірген және құтқарушылар келгенге дейін балықшыны ұстап тұрған.
Оқиға орнына келген құтқарушылар құтқару тақтасы мен құтқару құрылғылардың көмегімен балықшыны жағаға шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырған.
Құтқарушылар тұрғындарға мұзға шықпауға кеңес береді.