«AQTOGAI MILK» кәсіпорнында зардап шеккен жұмысшы ауруханадан шығуға дайындалуда
38 жастағы ер адам аудандық ауруханада бір апта ем қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер науқасқа орташа ауырлықтағы көмірқышқыл газымен улану диагнозын қойған.
– Науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Жексенбі күні ауруханадан шығару жоспарлануда, – деп хабарлады басқарма мамандары.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен азаматқа ауруханадан шыққаннан кейін амбулаториялық ем қабылдаудың қажеті жоқ.
Еске салайық, қазіргі уақытта «AQTOGAI MILK» ЖШС-нің алты қызметкерінің қаза болу дерегі бойынша арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері енген.
Қайғылы оқиға 20 шілде күні Ақтоғай ауданында кәсіпорын жабдықтарына қызмет көрсету кезінде болған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен қызметкерге мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі.