Асайын Байханов Ақтоғай ауданындағы су тасқыны қаупін әуеден бағалады

Асайын Байханов Ақтоғай ауданындағы су тасқыны қаупін әуеден бағалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір басшысы су жиналған аумақтарды тексеріп, қорғаныс нысандарының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен Шұға, Шолақсор, Жалаулы және басқа да елді мекендерді барлады.

Әуеден тексеру барысында еріген қар сулары жиналған учаскелер мен инженерлік қорғаныс нысандарының жай-күйі қаралды.

«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, биыл өңірде қар қоры өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Қар жамылғысының биіктігі 34 сантиметрге жетіп (2025 жылы 9 сантиметр), қардағы су қоры 94,9 миллиметрге дейін көбейген. Сонымен қатар топырақ қабатының терең қатуы мен мұз қабығының болуы су басу қаупін күшейтіп отыр.

Алдын ала жүргізілген инженерлік жұмыстар қорғаныс деңгейін арттырған. 

– Мәселен, Жалаулы ауылында ірі қазаншұңқырлар мен су бұру арналары салынса, қорғаныс үйінділері қалпына келтірілген. Шілікті ауылында су өткізу құбырлары орнатылып, Шолақсорда қорғаныс құрылыстары тұрғызылған, – делінген хабарламада.

Сілеті өзеніне де ерекше назар аударылды. 

– Өзендегі мұз кептелісін болдырмау үшін жарылыс жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта мұзды ұсақтау және кесу жалғасуда. Жалпы облыс бойынша жағдай тұрақты бақылауда. Су тасқыны кезеңі қар еруімен қатар, Ертіс су қоймалары каскадынан су жіберуге байланысты екінші кезеңді де қамтиды, – деді әкімдікте.

Өңірде алдын алу шаралары толық көлемде жүзеге асырылған: 156 километр бөгет нығайтылып, ондаған су өткізу нысандары жөнделген, 1,6 миллион текше метрден астам қар шығарылған. Қажетті техника мен материалдар қоры да дайындалған.

– Қазір біз нақты жағдайды: табиғи тәуекелдерді де, атқарылған жұмыстардың нәтижесін де көріп отырмыз. Биыл қар мен су қорының көп болуына байланысты инфрақұрылымға түсетін жүктеме жоғары болады. Біздің міндет – алдын ала әрекет ету. Біз мониторингті күшейтіп, барлық күш пен құралдарды дайын күйде ұстап отырмыз, қажет болған жағдайда жедел шешімдер қабылдаймыз. Әрбір елді мекен бойынша тәуекелдер мен іс-қимыл алгоритмі айқындалған, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Әуеден барлау жүргізу су тасқыны жағдайын нақты бағалап, алдағы әрекеттерді жоспарлауға мүмкіндік берді.