Павлодар облысында жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимге көшті

Павлодар облысында жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимге көшті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дәрігерлер тұрғындарды ауа райының нашарлауына байланысты сақ болуға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, тұрғындарға аса қажеттілік болмаса ғимараттан шықпау және елді мекендерден тыс алыс сапарларға бармау ұсынылады.

– Қатты жел мен көктайғақ жарақат алу және жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады. Жаяу жүргіншілер жарнамалық қалқандардан, биік ағаштар мен тұрақсыз құрылымдардан алыс жүргені жөн. Ал жүргізушілер жылдамдық режимін сақтап, арақашықтықты қатаң ұстануы тиіс, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, қолайсыз ауа райы жағдайында көріну деңгейі төмендеп, жолдарда кептелістер пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты жедел қызметтердің келу уақыты ұзаруы ықтимал.

Қазіргі уақытта 103 нөміріне түскен барлық шақыртулар жеделдік деңгейіне қарай өңделіп, жедел жәрдем бригадалары кез келген жағдайға дайын.

Естеріңізге сала кетейік, жедел жәрдем шақыртулары шұғылдық деңгейіне қарай төрт санатқа бөлінеді. Бірінші санат – науқастың өміріне тікелей қауіп төнген жағдайлар, мұндай шақыртуларға дәрігерлер ең алдымен жіберіледі. Ал өмірге қауіп төндірмейтін төртінші санаттағы қоңыраулар емханалардың мобильді бригадаларына беріледі.