Асайын Байханов: Басты мәселе – әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету
Бүгінде облыс бойынша пәтер алу үшін 25 мыңнан астам тұрғын кезекте тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы VIII сайланған мәслихаттың кезекті сессиясында облыс әкімі Асайын Байханов мәлім етті.
– Басты мәселе – әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету. 500-600-ге жуық пәтер бөлінбеген. Көп жылдар бойы бұл мәселенің шешімін таба алмай келеміз. Бізде іс жүзінде 26 мыңға жуық адам кезекте тұр, оның 18 мыңы – Павлодарда, қалғаны – Екібастұз бен Ақсуда. Ал әр ауданда 100-300-дей адам баспана кезегінде тұр. Бұл алдағы жылдары шешуге тиіс өте күрделі мәселе, – дейді Асайын Байханов.
Өткен жылдары арендалық тұрғын үй ретінде берілген пәтерлер саны 200-ден аспаса, биыл 600-ге жуық пәтерге жеткізу жоспарлануда. Яғни, өткен жылдармен салыстырғанда үш есеге көп.
Облыс әкімі жақын арада қала, аудан әкімдерімен әлеуметтік тұрғын үй мәселесі бойынша кеңес өткізіп, 2024-2026 жылдарға арналған жоспарларды анықтайтынын мәлім етті.