Асайын Байханов бокстан Азия чемпионымен кездесті

Ел намысын абыроймен қорғап шыққан спортшы Иорданияда таза жеңіске қол жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысы Асайын Байханов 18-29 сәуір аралығында Амманда өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында (U-15) алтын медаль жеңіп алған Нұрислам Ташмағанбетті құттықтады.Турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан, Жапониямен қатар 18 елдің спортшылары қатысты.
Қазақстан құрамасының құрамында 15 боксшы өнер көрсетіп, 10 медаль жеңіп алды: 4 алтын, 5 күміс және 1 қола.
– Сен әлемдік аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап, шеберлігіңді көрсете білдің. Осынау жарқын жеңісіңмен құттықтаймын, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Баянауыл ауданының БЖСМ тәрбиеленушісі Нұрислам Ташмағанбет Үндістан, Иордания және Өзбекстан елдерінің спортшыларынан басым түсті. Финалда 5-0 есебімен айқын жеңіске жетіп, 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде алтынға ие болды.