Асайын Байханов Павлодар мен екі ауданда ҰОС қатысушыларын Жеңіс күнімен құттықтады
Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс және Павлодар аудандарында, сондай-ақ, Павлодар қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы оларды келе жатқан мерекемен құттықтап, мықты денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.
Соғыстан кейінгі жылдары ардагерлер Алексей Сергеевич Печелатов, Мария Алексеевна Матюшина және Николай Андреевич Ступка бау-бақша, мал шаруашылығы салаларында жұмыс істеп, өнеркәсіпті дамытуға атсалысты. Олардың өмір жолы - халыққа қызмет етудің, жанқиярлық еңбек пен патриотизмнің үлгісі.
- Кез келген адам майдан даласындағы ауыр қиыншылықтарды жеңіп, ұзақ өмір сүргенімен мақтана алмайды. Соғыстан кейін сіздер мемлекетіміздің нығаюы мен дамуына үлкен үлес қостыңыздар. Сіздердің ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз үшін мың алғыс айтамын, - деді Асайын Байханов.
Фото: Валерий Бугаев