Асайын Байханов Павлодар облысының теміржолшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтады
Аймақ басшысы Екібастұз қаласында өткен теміржол көлігі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.


Мерекелік жиын барысында теміржол саласының үздік мамандары облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Теміржолшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған өңір басшысы көлік саласы ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтіп, оның тұрақты жұмысы кәсіби шеберлігі жоғары, жауапкершілігі мол әрі адал еңбек ететін азаматтардың арқасында жүзеге асатынын айтты.


Асайын Байханов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекет үшін көлік саласының стратегиялық маңызы айрықша. Көлік құралдары - экономиканың қозғаушы күші, өсіп-өркендеу кепілі десек, артық болмайды», - деген сөзін еске салды.
- Бұл - адал еңбекке, кәсіби шеберлікке және өз ісіне деген адалдыққа берілген жоғары баға. Теміржол саласындағы барлық жетістіктер - тасымалдың тұрақтылығын, ел экономикасы мен көлік жүйесінің дамуын қамтамасыз етіп жүрген жандардың күнделікті еңбегінің нәтижесі. Әрқайсыңызға жауапкершіліктеріңіз, кәсібиліктеріңіз және таңдаған мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін, - деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Павлодар облысы Қазақстандағы теміржол көлігін жасау саласының жетекші орталықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Екібастұзда ірі инвестициялық жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Ал Railways Systems KZ компаниялар тобының кәсіпорындарында 2,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Компания өңірдегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі ретінде өнеркәсіп пен көлік саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Теміржол көлігі саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі, көп жылғы адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін саланың 14 қызметкері Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.


Салтанатты іс-шара «Өнер» қалалық мәдениет сарайының алаңында өткен мерекелік концертпен қорытындыланды.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев