Асайын Байханов: «Павлодарда ең төменгі баға ұсынылуы тиіс»

Өңірде 2025–2026 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңге картоп пен сәбіздің бағасы бекітілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Ертіс және Ақтоғай аудандарына жасаған жұмыс сапары аясында 2025–2026 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңге қажетті көлемде картоп пен сәбізді қоймаға салу және олардың бағасын бекіту бойынша меморандумға қол қойылды.
Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, жергілікті билік өкілдері, соның ішінде Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов және «Ақтоғай-Агро» ЖШС бас директоры Александр Терентьев қатысты.
Өңір басшысы өткен жылдардағы меморандумды іске асыруға атсалысқандарға алғыс білдірді. Ол өнімнің негізгі көлемі нарықта еркін сатылғанымен, өңірдегі бағаны тұрақтандыру үшін өндірушілер Павлодар өңірінде ең төменгі бағаны ұсынуы керектігін баса айтты.
– Біздің позициямыз бұрынғыдай. Сіз картопты кімге болса да, қандай бағамен болса да сата аласыз. Бірақ Павлодар өңірінде біз сата алатын ең төменгі бағаны ұсыну керек, – деді Асайын Байханов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әділ Исин баяндама жасап, бағаны тұрақтандыру мақсатында көкөніс қоймаларына қажетті көлемде өнім салу ұсынылғанын айтты.
– Бұл көлем қысқы-көктемгі кезеңдегі өңір қажеттілігінің шамамен 30 пайызын құрайды. Қоймаларға 10 мың тонна картоп пен 3 мың тонна сәбіз салынады. Ай сайынғы сату көлемі картоп бойынша 1250 тонна, сәбіз бойынша 375 тонна болып белгіленген. Бағалар мынадай: көкөніс қоймасынан босатылғанда картоптың бағасы 100 теңге, сәбіз 90 теңге болады. Бөлшек сауда желісінде картоп 125 теңгеден, сәбіз 115 теңгеден сатылады. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде картоп 120 теңге, сәбіз 110 теңге деңгейінде ұсынылады, – деді ол.
Әкім өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтіп, сыртқы нарықтарда бәсекелестік артып келе жатқанын еске салды. Оның ішінде дәстүрлі импорттаушы елдердің өзі өндірісті күшейтіп отырғаны айтылды. Сондай-ақ ішкі нарық толығымен қамтамасыз етілген жағдайда экспортқа шектеу қойылмайтыны, алайда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы күрт қымбаттаған жағдайда квоталау мен тыйым салу шаралары енгізілетіні қатаң ескертілді.