Павлодарда тал түсте зейнеткерді тонап кетті
Қала тұрғыны түскі уақытта дүкеннен келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Академик Сәтбаев көшесі 243-ші үйдің кіреберісінде орын алған.
Зейнеткер кіреберісте ер адаммен бірге еш күдіксіз лифтке кірген. Ал бірнеше секундтан кейін қасындағы адам қолындағы пакетті жұлып алып, жүгіріп шыққан.
– Тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыскер 190 мың теңге болған әмияны бар пакетті қолды қылған. Тонау сәті кіреберісте орнатылған қауіпсіздік камераларына түсіп қалды. Жәбірленуші бірден полицияға қоңырау шалды, – деді департаментте.
Шақырту орнына келген полиция қызметкерлері облыс орталығын пысықтау кезінде күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотталған қала тұрғыны болып шықты.
Тергеу жүргізілуде. Күдіктіден қаладан шықпау туралы қолхат алынған.