Атығай ауылындағы мектеп пайдалануға қашан берілмек?
Бүгінде елді мекенде 120 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының іргесіндегі Атығай ауылында облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен 120 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Жуырда құрылыс жұмысының барысымен танысу үшін арнайы барған Аян Бейсекин мектептің қашан қолданысқа берілетіні туралы айтты.
- Құрылыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі күні сыртқы құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары наурыз айының бірінші онкүндігінде аяқталады деп күтілуде, - деді ол.
Кеншілер шаһарының басшысы нысанды толықтай пайдалануға беру наурыз айының соңына жоспарланғанын тілге тиек етті. Жалпы құрылыстың сапасы мен уақытылы аяқталуы қала әкімінің жеке бақылауында бола бермек.
Еске сала кетейік, мектепті кеңейту ауыл тұрғындарының бірнеше жылдық өтінішінен кейін былтыр мүмкін болды. Бүгінде ауылда халық саны артып келеді. Осыған орай бой көтерген жаңа мектеп екі қабатты, 120 оқушыға есептелген. Мектепте заманауи құрал-жабдықтары бар оқу кабинеттерімен қатар, спорт зал және балалар ойын алаңы орналасатын абаттандырылған аумақ жоспарланған.