Ауылдықтар Павлодар облысы үш ауданының әкімін өздері сайлайды
Оларды облыстық мәслихат депутаттары анықтап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шешім облыс әкімі Асайын Байханов қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қабылданды. Өңір басшысы депутаттарды ҚР Президентінің азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейту бойынша бастамасын қолдауға шақырды.
- Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы қоғамның ашық болуының негізгі шарты екендігі түсінікті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жергілікті атқарушы билік деңгейде шешім қабылдауға азаматтардың қатысуын кеңейтуді тапсырғаны белгілі. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – қала мен аудандар әкімдерін сайлауды енгізу. Биыл еліміздің 45 ауданында пилоттық режимде әкімдер сайланады. Сіздерді Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, облысымыздың аудандарын анықтауды өтінемін, - деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ыбыраев хабарлағандай, 2021 жылғы ауыл әкімдерін сайлау мемлекеттік басқару саласына оң септігін тигізді. Мәселен, сайлау 99 ауылдық округте өтті, 46 елді мекенде басшылар жаңарды.
- Сайланған әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігі артты. Бұл жұмыс нәтижесіне оң әсер етуде. Жалпы өткізілген сайлаулар өңіріміздің инфрақұрылымы қала және аудандар әкімдерін сайлауға әзірлігін көрсетті, - деді ол.
Депутат Александр Терентьев алғаш болып Ақтоғай ауданын ұсынды. Онда әкім өз қызметін төрт жылдан бері атқарып келеді. Сондай-ақ Железин және Шарбақты аудандарының аттары аталды. Соңғысында әкім лауазымы бос.
Халық қалаулылары әріптестерінің бастамаларын бірауыздан қолдады. Облыс әкімі атап өткендей, үш ауданда әкімдерді сайлау – болашаққа жасалған алғашқы қадам, қала мен аудандарда өтетін сайлаулардың бастамасы ғана.
Фото: автор