Ағаштан секірген: Павлодар облысында елуге жуық адам ережелерді бұзған
Жалпы 685 мың теңгеге айыппұл төленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау бойынша 49 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай мәлім етті.
– Демалушылар шомылуға рұқсат етілмеген орындарда жиі суға түседі. Әсіресе, Усолка шағын ауданы мен Зеленая роща демалыс аймағының жабдықталмаған орындарында суға түскісі келетіндер өте көп. Сондай-ақ, ағаштардан суға сүңгіп, шомылатындар да бар. Олай істеуге тыйым салынады, – деп атап өтті спикер.
Бұдан бөлек, жағалау маңында үлкендердің қарауынсыз жүрген 11 баланың ата-анасы жазаланды. Барлық құқық бұзушылар жеті АЕК мөлшерінде айыппұл төледі.
Айта кетейік, облыс аумағында 47 жағажай бар, оның ішінде 27-сі коммуналдық және 20-сы жеке меншік болып табылады.