Ақсуда боччадан облыстық турнирдің жеңімпаздары анықталды
Турнирге 40-тан астам спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
И.Құтпанұлы атындағы Ақсу спорт сарайында паралимпиадалық боччадан Ақсу кубогы үшін ашық облыстық турнир өтті. Арнайы спортшыларды қолдауға қала әкімі Нұрлан Дүйсенбинов, Қазақстандық Бочча Федерациясы мен аталмыш спорттың Павлодар облысындағы филиалы, жергілікті спорт басқармасының өкілдері, аманаттықтар мен спорт жанашырлары келді.
Турнирге барлығы 42 адам – 5 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысты. Мұндай жарыстарды Ақсу қаласы бірінші рет өткізіп отырған жоқ. 2019 жылдан бері белсенді түрде дамып келеді, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорттық жарыстар тоқсан сайын ұйымдастырылады. Қалада сарай мен «Арлан Арена» спорт кешенінен басқа, боччаға арналған екі корт бар.
– Былтырдан бері біз боччамен әуестенетін жандарға белсенді түрде көмектесіп, екі спорт алаңын салдық. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдайды жасауға тырыстық. Ал енді балалар түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңіске жеткен жетістіктерімен қуантады деген үміттеміз, – дейді қала әкімі Нұрлан Дүйсенбинов.
Нұрлан Дүйсенбинов пен облыстық мәслихат депутаты Александр Толмачев жасаған символдық бірінші лақтырудан кейін спортшылар жаттығу жасап, жарысқа кірісті. Жеңімпаздар екі топта анықталды: LIN (зияткерлік қабілеті бұзылған адамдар) және SPODA (тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар). Олардың әрқайсысының диагнозы мен зақымдану дәрежесіне байланысты өз бөлімдері бар.
Түрлі номинациялар бойынша өткен жарыстардың қорытындысы бойынша 25 павлодарлықтың сегізі жеңіске жетіп, жетеуі екінші, тоғызы үшінші орынға ие болды. Екібастұздан келген сегіз қатысушының қанжығасына бірінші және екінші орынды, бес үшінші орынды байлады. Алаң иелеріне үш бірінші, төрт екінші және екі үшінші орын бұйырды. Командалық есеп бойынша турнирдің жеңімпазы атағын ақсулықтар иеленді.