Ақсудағы автобустарға қатысты даулы мәселенің шешімі табылды

Ақсудағы автобустарға қатысты даулы мәселенің шешімі табылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қоғамдық көлік интервалдары сақталмаған жағдайда, тасымалдаушымен келісімшарт бұзылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тамыз айының бесі күні №1 бағыты бойынша жүретін автобустың бірі жұмысқа шықпаған. Салдарынан тұрғындарға тек қана бір автобус қызмет көрсетті. Тұрғындар межелеген жеріне жету үшін жаяу немесе ұзақ уақыт бойы автобусты күтуге мәжбүр болды.

– Бұл жайт туралы облыс әкімдігіне толассыз хаттар келген еді. Осы бағыт бойынша екі автобус жұмыс жасайды. Олардың айналымдары үлкен, халыққа бұл ыңғайсыз ғой, – деді Асайын Байханов.

Жыл басынан бері қала тұрғындарынан автобустардың жұмысына қатысты шағымдар жиілей түсті. Тексеру барысында жоспарланған жиырма алты автобустың тек он төрті ғана жұмыс жасайтыны анықталды. Салдарынан қалада автобус тапшылығы байқалуда. 

– Тексеру нәтижесінде қолданыстағы ГАЗель маркалы шағын автобустардың  ескіргені анықталды. Сонымен қатар, Mercedes Citaro маркалы бірқатар автобуста сынған орындықтар, жыртылған және тозған жамылғылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бекіткіштердің жоқтығы сияқты кемшіліктер тіркелді, – деп мәлімдеді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар. 

Бұзушылықтардың арасынан автобустардың кестеден кешігуі де анықталды. Облыс әкімі бұл жағдайды өзі тексерді.

– Мен «Больничный» аялдамасында автобусты 44 минут бойы күттім. Ол жерде менен өзге қарапайым халық та болды. Бір ақсақалдан сұрағанда, мұндай жағдай жиі қайталанады деді. Осы орайда қандай 30 минуттық интервал туралы айтып тұрсыз? – деді облыс басшысы.

Қалада барлығы 12 тұрақты автобус бағыты жұмыс істейді, оның ішінде 2-еуі маусымдық, яғни саяжай бағыттары. Жалпы автобус паркі 26 көліктен тұрады, оның жиырма төрті 2021-2022 жылдары шығарылған Mercedes маркалы автобустар, ал қалған екеуі 2016 жылғы ГАЗель автокөліктері.

– Тасымалдау қызметін екі ұйым жүзеге асырады: «BUS-PVL» ЖШС 8 бағытта 21 автобуспен қызмет көрсетеді, ал «Национальная торгово-распределительная сеть» ЖШС 4 бағыт бойынша 5 автобуспен жолаушыларды тасымалдайды, – деді Нариман Омар.

Осы жылы қоғамдық көліктерді дамыту үшін 604 миллион теңге бөлінді. Оның 440 миллионы субсидия болса, 164 миллионы азаматтардың жеңілдетілген санаттарын өтеу бойынша қаражат.

– Қазіргі уақытта 337 миллион теңге игерілді. Бұл жалпы соманың 56% құрайды, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Жиналыс барысында облыс басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысының есебін тыңдады.

– Қала тұрғындарының 70% тұрақты түрде автобуспен жүреді. Мезгілдердің ауысуына байланысты көрсеткіштер өзгеріп отырады. Мысалы, 1 қыркүйек күні бұл көрсеткіш өседі, – деді Ақсу ТҮКШ ЖК және АЖ мемлекеттік мекемесінің басшысы Арман Нұриден.

Облыс әкімі жағдайды тұрақтандыру үшін бір апта уақыт берді. Жағдай өзгермесе ондай жауапты ұйымдармен қызмет көрсету келісімшартын бұзу керек.

– Материалдарды мүмкіндігінше тезірек дайындаңыздар. Екі апта ішінде алдын ала есеп берілуі керек. Кейін нақты жүзеге асатын және жүзеге аспайтын шараларды бөліп, жоспарды таныстырыңыздар, – деді Асайын Байханов. 

Еске сала кетейік, облыс әкімі Ақсуға барған жұмыс сапары кезінде қаланың жылыту маусымына дайындығын және дауылдан кейінгі жиыстыру жұмыстарының барысын қадағалады.