Ақтоғай ауданында су басқан екі тұрғын үй қалды
Өңірде су тасқынына қарсы үш учаске бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтоғай, Шарбақты, Тереңкөл аудандарындағы елді мекендердегі үш учаске су тасқынына қарсы бақылауда және су тасқынына қарсы жұмыстар аяқталу сатысында.
– Ақтоғай ауданындағы екі тұрғын үй су астында қалып отыр. Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 59 адам, 28 техника, 12 мотопомпа жұмылдырылды, – деді департаментте.
Бұл – ТЖД, жергілікті атқарушы органдар, жол қызметі және полиция департаментінің күштері мен құралдары.
Өткен тәулікте 90 мың текше метрден астам еріген су сорылып, 744 тонна инертті материал төгілді.
Еске сала кетейік, жолдағы судың жүріп кету жағдайының тоқтауы және су тасқынына қарсы жұмыстардың аяқталуына байланысты «Атамекен - Ертіс - Русская Поляна» автожолында көлік құралдары үшін қозғалысты шектеу алынып тасталды. Ақтоғай ауданының төтенше жағдайлар комиссиясымен 2 сәуір күні ауылда енгізілген жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін алып тастау туралы шешім қабылданды.