Бөлмесінде ұйықтап жатыр: Павлодарда дәмхана иесі айыппұл арқалады

Бөлмесінде ұйықтап жатыр: Павлодарда дәмхана иесі айыппұл арқалады
Фото: pixabay.com

Кезекті рейд кезінде полиция кәмелетке толмағандардың дәмханада болуына жол бермеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заңды өкілдер жауапқа тартылды, мекеменің иесі де жазаланды. Енді оларға айыппұл төлеуге тура келеді. Ата-аналарға баласының түнде мекемеде екендігі туралы хабарлағанда, олар таң қалып, «ол өз бөлмесінде ұйықтап жатыр» деген.

Биыл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуының үш мыңға жуық фактісі тоқтатылды және 70-тен астам кәсіпкерлік субъектісі кәмелетке толмағандардың ата-анасының еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін жазаланды, – деп хабарлады департаментте.

Әрбір ата-ана осындай кеш уақытта үйден шыққаннан кейін жасөспірімдер қылмыстың объектісі де, субъектісі де бола алатынын түсінуі тиіс.

Полицейлер кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдердің еріп жүруінсіз болғаны үшін сағат 22.00-ден 06.00-ге дейін заңды өкілдерге үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылғанын еске салады.

Кәмелетке толмағандардың сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін заңды өкілдерге ескерту жасауға әкеп соғады. Жыл ішінде қайта жасалған жағдайда заңды өкілдерге жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.