Бала шұңқырға құлады: Павлодар облысында ЖШС бастығына қатысты тергеу басталды
Күдіктіге қатысты іс жүргізудің мәжбүрлеу шарасы – келу туралы міндеттеме қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz мәліметінше, аталған факті бойынша осы ауылда жөндеу жұмыстарымен айналысатын ЖШС учаскесінің бастығына қатысты ҚР ҚК 254-бабы бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.
– 30 мамырда Шарбақты ауданы ауылдарының бірінде 2015 жылы туған кәмелетке толмаған бала тереңдігі шамамен 3 метр су құбыры траншеясына құлады. Жарақат алған ұл бала Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылды, – деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасында баланың жағдайы өте ауыр екенін хабарлаған болатын. Жедел жәрдем аудандардың бірінен облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне сегіз жасар баланы жеткізген. Бас миының жарақаты, мидың ісінуі, көп қан жоғалту, ауыр дәрежедегі геморрагиялық шок, гиповолемия, ауыр дәрежедегі анемия тіркелген.