Балықшының құтқару жиынтығы қандай болуы керек

Балықшының құтқару жиынтығы қандай болуы керек
фото: автор

Құтқарушылар әр балықшының қолында болуы тиіс жиынтық туралы айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының  аға офицері Ербол Ғазиздің айтуынша, қазіргі уақытта Ертіс өзеніндегі мұздың қалыңдығы 40–50 сантиметрді құрайды. Күннің жылынысымен оның құрамы өзгеріп отыр, сондықтан, қауіп бар.

Мұз үстіндегі балықшылар – стихиялық құбылыс. Әуесқой балықшылардың бұл әрекетін тоқтату мүмкін емес. Тек ескерту және алдын алу шараларымен шектелуге мәжбүрміз. Балықшының қолында үш заттан тұратын жиынтық болғаны абзал: құтқару күртешесі, арқан және таяқ. Бұл заттар адам өмірін сақтап қалады. Бұған қарамастан, сүйікті хоббиінен бас тарта алмайтын балықшылар жетерлік, – дейді Ербол Ғазиз.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өңірдегі су айдындарын толық бақылауға алу мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан, балықшылар құтқарушылардың сөзін жерге тастамай, кеңестеріне құлақ түреді деген сенімде.

Еске сала кетсек, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзу дерегі бойынша жауапкершілік бар. Нақтырақ айтқанда, ҚР ӘҚбТК 412-бабы бойынша 7 АЕК, яғни 27 524 көлемінде айыппұл қарастырылған. Десе де, жыл басынан бері осындай заңбұзушылық тіркелген жоқ.