Баянауылға екі күндік сапарда қай жерлерді аралауға болады?
Ақпараттық тур аясында туристік сала өкілдері, журналистер, блогерлер мен мамандар Баянауылдың басты туристік бағыттарын аралап, екі күндік маршруттың мүмкіндіктерімен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған тур бағдарламасы «Сарыарқа сыры» визит-орталығынан бастау алды. Бұдан кейін қатысушылар Голливудтағы әйгілі жазуға ұқсас «Баянауыл» белгісі орналасқан шолу алаңына көтеріліп, академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейіне барды.

Қазіргі таңда визит-орталық Баянауылға келген қонақтардың негізгі аялдамасына айналған. Мұнда демалыс орындары, туристік бағыттар, қонақүйлер мен мәдени іс-шаралар туралы толық мәлімет алуға болады. Сонымен қатар келушілер заманауи технологиялардың көмегімен ұлттық парк пен музейлерді виртуалды түрде аралап, өлкенің тарихы және белгілі тұлғалары жайлы ақпаратпен танысады. Орталық кітапханасының қорында өлкетануға арналған 150-ден астам кітап пен жергілікті қаламгерлердің еңбектері сақталған.


Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы туризм бөлімінің басшысы Руслан Нұрбековтің сөзінше, бұл нысанның елімізде теңдесі жоқ.
– Біздің визит-орталықтың ерекшелігі – жасанды интеллект қолданылатын 3D форматындағы музей. Мұнда кең кафе аймағы, түрлі іс-шара өткізуге арналған конференц-зал бар. Ғимараттың сәулеті ерекше стильде салынған, ал аумағы ұлттық нақышта безендірілген, – деді Руслан Нұрбеков.
Визит-орталықтың мүмкіндіктері алдағы уақытта одан әрі кеңейе түспек. Қазір мұнда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін цифрлық гидті іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бағдарламада жазғы және қысқы маусымдағы барлық туристік нысандардың толық сипаттамасы болады. Пайдаланушылар қонақүйлердегі бос орындарды біліп, виртуалды көмекшіге кез келген сұрақ қоя алады. Сонымен қатар киелі орындар, табиғат ескерткіштері, гидтер және олардың жұмыс кестесі туралы ақпарат енгізіледі. Жоба іс жүзінде аяқталды: қажетті жабдық дайын, енді жүйені мәліметтермен толықтыру ғана қалды, – деп түсіндірді Руслан Нұрбеков.
Жаңа жүйе тек ақпарат беріп қана қоймай, туристердің сұранысын талдай алады. Нәтижесінде келушілердің қызығушылықтары анықталып, туристік инфрақұрылымды жетілдіруге мүмкіндік туады.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Баянауылға келетін ішкі туристер саны едәуір артқан. Демалушылардың басым бөлігі Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан және ал шетелдіктер Ресейден келеді. Жаз мезгілінде көптеген саяхатшылар алдын ала орын брондамай жолға шығады. Сондықтан, визит-орталық олар үшін қажетті ақпаратты жылдам алуға болатын маңызды орын саналады.

Ақпараттық тур өңірдің туристік әлеуетін таныстыруды мақсат етті. Бағдарлама Баянауылдың табиғат аясындағы демалысты ұнататындарға да, белсенді саяхатты қалайтындарға да қолайлы бағыт екенін көрсетті.

Алғашқы күні қатысушылар Қоңыр әулие үңгіріне барып, Кемпіртас табиғат ескерткішін, қандыағаш тоғайын аралады. Сондай-ақ бұлақ суынан дәм татып, гид Оксана Ивенченкодан өлкенің тарихы мен аңыздарын тыңдады.
– Баянауылды бір сапарда толық танып білу мүмкін емес. Бұл – әр тауы мен әр көлі өз аңызын сақтаған таңғажайып мекен. Туристерімнің арасында Германиядан, Ресейден, Франциядан келген қонақтар болды. Бірде зейнетке шыққаннан кейін әлемдегі барлық ұлттық паркті аралауды мақсат еткен еуропалықтарды бастап жүрдім. Баянауыл оларды ерекше әсерге бөледі. Қыста мұнда ғажайып Торайғыр көлін тамашалауға болады, жазда тауға жорыққа шығып, көктемде гүлге оранған дала мен тау бөктерінің көркін көруге мүмкіндік бар, – дейді гид.
Сапардың екінші күні Сабындыкөл мен Жасыбай көлдерінің жағажайларына арналды. Бұл демалыс орындарында бүгінде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Сабындыкөл жағажайын абаттандыру толық аяқталды. Соның арқасында Жасыбайдағы жүктеме азайды. Мұнда киім ауыстыратын кабиналар, санитарлық тораптар, қауіпсіз жаяу жүргінші жолдары, балалар бассейні, душ кабиналары, беседкалар салынды. Барлық жағдай жасалған киіз үй қалашығы ашылды. Жасыбайда да жұмыстар аяқталуға жақын, соңғы әрлеу жұмыстары ғана қалып отыр. Бұл – өңір туризмін дамытудағы маңызды қадам, – деді Руслан Нұрбеков.
Демалушылардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. Жағажайларда құтқарушылар тұрақты кезекшілік атқарады, арнайы бекеттер мен медициналық пункттер жұмыс істейді. Су айдындарының жағдайы мамандардың бақылауында болғандықтан, қонақтар алаңсыз демала алады.

Омбы қаласының тұрғындары Надежда мен Петр Баянауылға жеке көлігімен келген. Бұған дейін олар жаз сайын Қарқаралыда демалса, биыл жаңа бағытты таңдаған.
80 жастағы Петр әзілдеп, Баянауылға өаңызға айналған «Волгамен» жеткендерін айтты.
– Баянауыл бірден жүрегімізді жаулап алды. Мұнда ауасы таза, табиғаты әсем, адамдары қонақжай, атмосферасы ерекше. Жасыбайда шомылып, күнге қыздырындық. Бір күн бұрын мұнда қызымыз бен күйеу баламыз демалған еді. Енді Баянауыл біздің отбасымыздың тұрақты демалыс орнына айналады, – деді Петр.
Белгілі туристік орындардан бөлек, Баянауылда көпшілік біле бермейтін тарихи және табиғи нысандар да аз емес. Олардың қатарында «Мұртты қорған» археологиялық кешені, жоса бояумен салынған көне жартас суреттері, серпантин бойындағы экологиялық соқпақ, Торайғыр көлі мен Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі бар.
Торайғыр көлінің жағасында тур қатысушыларын ерекше көрініс күтіп тұрды. Сол күні «ADAI» триосы Дженнифер Лопес пен Pitbull-дың әйгілі On the Floor әнінің домбыраға арналған нұсқасына бейнебаян түсіріп жатты. Музыканттар бірнеше шығармасын орындап, қонақтармен еркін әңгімелесті.
Жартастардағы ежелгі суреттер де қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Бүгінде гидтердің көбі олардың нақты орналасқан орнын жариялай бермейді. Өйткені олар тарихи мұраны бүлінуден сақтап қалуды көздейді. Мамандардың айтуынша, табиғатқа кейде уақыттан бұрын адамның өзі зиян келтіреді.
Баянауылды екі күнде толық танып шығу мүмкін емес. Алайда, маршрут дұрыс жоспарланса, өңірдің ең көрікті орындарын аралап келуге мүмкіндік бар. Осы уақыт аралығыда көрікті мекеннің көлдерін көріп, табиғатымен танысуға болады. Жергілікті аңыздарды тыңдап, есте қаларлық әсер жинауға да уақыт табылады. Ал бұл өлкенің барлық құпиясын ашу үшін мұнда тағы да қайта оралғың келеді.