Баянауыл ұлттық паркінде орман алқаптарына кіруге тыйым салынды

Баянауыл ұлттық паркінде орман алқаптарына кіруге тыйым салынды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Өрт қаупіне байланысты кіру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шектеу 25 маусымнан бастап күшіне енді және өрт қаупі төмендегенге дейін сақталады.

Парк әкімшілігінің мәліметінше, қазіргі ауа райы жағдайында орман аумағында кез келген ұшқынның өзі үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Қазіргі таңда ұлттық парк аумағында өрт қауіптілігінің бесінші санаты сақталуда. Ауа температурасының жоғары болуы, құрғақшылық пен желдің күшеюі орман өрттерінің шығу қаупін едәуір арттырып отыр. Осыған байланысты орман алқаптарына баруға уақытша шектеу енгізілді, – деп хабарлады парк әкімшілігі.

Мамандар тұрғындар мен демалушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе, орман ішінде от жағуға, темекі тұқылын тастауға және өрт шығуына себеп болуы мүмкін әрекеттерге жол бермеу қажет.

Ұлттық парк аумағындағы жағдай тұрақты бақылауда. Шектеу мерзімі өрт қаупінің деңгейіне қарай қайта қаралады.

Еске сала кетейік, бұған дейін облыста өрт қаупі жоғары болғандықтан «Ертіс орманына» кіруге уақытша шектеу енгізілген болатын.