Баянауыл ауданы бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр
1000 тұрғынға шаққанда 17,68 адам тіркелді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық статистика департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ең төмен туу көрсеткіші Железин ауданында. 1000 тұрғынға 11,34 байқалды.
2022 жылдың 12 айында Павлодар облысында 10655 бала дүниеге келген. Оның ішінде қалалық жерлерде – 7432 бала (69,8%), ауылдық аймақтарда – 3223 бала (30,2%). Туғандардың 51,8% (5523) ер балалар болса, 48,2% (5132) – қыз балалар, 100 қыз балаға шаққанда 108 ер бала туды.
– 2022 жылы әйелдердің бала туу кезіндегі орташа жасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда 32,1 жасқа дейін ұлғайған. Мәселен, 2021 жылы – 29,9 жас, 2020 жылы – 29,7 жас, қалалық жерде – 32,3 жас (2021 жылы – 30 жас), ал ауылдық жерлерде 31,6 жас (2021 жылы – 29,5 жас) құрады. Бұл ретте алғаш босанғандардың орташа жасы 27,3 жасты құрады, – деп жазылған хабарламада.
2022 жылы дүниеге келген тұңғыш бала саны 2983 болса, екінші болып туған бала саны – 2984, үшінші балалар саны – 2511, төртінші және келесі балалар саны – 2177.
Айта кетерлігі, өткен жылы 90 егіз және 4 үшем дүниеге келген.