Баянауыл ауданында өрт оқшауланды
Облыс әкімі Асайын Байханов өрт ошақтарын жою орнында өңірлік жедел штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тілсіз жаумен күресуге барлық қажетті күштер тартылды: 310 адам, 51 арнайы техника, екі тікұшақ, үш ұшқышсыз ұшу аппараты жұмыс істеуде.
– Қазіргі уақытта өрт оқшауланды, өртті жою жалғасуда. Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі – шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі, – деді Асайын Байханов Іnstagram парақшасында.
Аймақ басшысы барлық шаруа қожалықтарынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуы тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ, өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұрады.
Еске сала кетейік, облыс әкімі кеше, 6 қазан күні шұғыл түрде дала өртінің Қарағанды облысынан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына өткен Баянауыл ауданына барды.
Өрт шалған жердің аумағы шамамен 6 мың га құрайды. Жағдай қалың өскен шөптің және секундына жылдамдығы 12-15 метрге дейін жететін екпінді желдің салдарынан күрделенуде.