Баянауыл ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыратын жобалар іске асуда

Баянауыл ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыратын жобалар іске асуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әрбір мәселе сараланып, оның деңгейіне қарай жұмыс атқарылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Аудан әкімі Ардақ Кісентаев Бірлік және Ж. Аймауытов ауылының тұрғындарымен жоспарлы кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму бағыттарында атқарылған жұмыстардың жай-күйі, сондай-ақ алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

– Алдымен ауызсу жүйелерінің құрылысына тоқталдым. Аудан бойынша жүргізіліп жатқан су құбырларының құрылысы толық аяқталған жағдайда, тұрғындардың орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылу деңгейі 99,6 пайызға жетеді, – деді ол.

Осы бағытта Ж. Аймауытов ауылында су құбыры құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, Ж. Аймауытов ауылдық клубының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Лекер ауылында тұрғындар үшін шағын футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Ж. Аймауытов ауылында балалар ойын алаңы орнатылды.

Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жобалар – аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға, ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Жиын барысында Бірлік ауылының тұрғындары электр жарығына қатысты мәселе көтерді. Ал Ж. Аймауытов ауылына барар жолда әжетхана салуға қатысты сауал болды. Әрбір мәселе сараланып, деңгейіне қарай жұмыс жүргізіледі.