Баянауыл ауданында су тасқыны қаупі азаяды

Сонымен қатар жем-шөп шығымы артады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақпан айының басында «Қазгидромет» Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен жиында Баянауыл ауданында биылғы көктемде су басу қаупі жоғары екенін хабарлаған болатын.
Жаңатілек және Қаратомар ауылдық округтеріне баратын жолдың «Қарашат-Жаңа-Жайма» учаскесінде көлік қатынасы мәселесін шешу үшін ұзындығы 1,7 шақырым айналма жол салынды. Ал, Қалқаман – Баянауыл – Үміткер-Ульяновский республикалық тас жолының 101-105 шақырымындағы осал жерінде «ҚазАвтоЖол» АҚ филиалы судың ауылдарға кірмей, құрылыс астынан өтуіне мүмкіндік беретін темірбетонды үш аралықты көпір салды. Сондай-ақ бұл жерде су өткізгіш құбырлар толығымен жаңартылған.
Ал жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, 2024 жылы Баянауыл ауданына қарасты Жаңажол және Сәтбаев ауылдық округтерінде 3,6 мың гектар аумақта сағалық суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл Айдос, Қарасу және Ащысу өзендерінен келетін тасқын суларының жиналуына мүмкіндік береді.
– Ащысу өзенінің тасқын суын сағалардағы суармалы алқаптарға тарату арқылы Баянауыл ауданындағы елді мекендерді су басу қаупі азайып, мал азықтық өнімі артады. Бұл аудандағы мал шаруашылығының дамуына одан әрі оң әсерін тигізеді, – деп түсіндірді басқармада.
Бұл жобалар екі жылдық болғандықтан, ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.