Баянауыл музейіне Сәтбаевтың жары қолданған микроскоп жеткізілді

Ұлғайтқыш құрылғыны Таисия Сәтбаева жұмыс бабында өзі қолданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің басшысы Қайыргелді Абылғазин Астана қаласына барған сапарында Қаныш Имантайұлының жұбайы Таисия Сәтбаеваның жұмыста қолданған микроскобын алып келген. Аталған құнды жәдігерді музейге Мейіз Сәтбаеваның перзенті, геолог-ғалым Александр Третьяков сыйға тартқан. Оның айтуынша, бұл – 1961 жылғы микроскоп. Кейін қызы, геология-минерология ғылымдарының докторы, ғалым Мейіз Қанышқызы Сәтбаева қолданған. Экспонат музейдегі экспозициялық залға орналастырылған.
– Қазіргі уақытты академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің қорында барлығы 3792, оның ішінде негізгі қорда 2131 жәдігер бар. Музей көбінесе түсетін жәдігерлердің басым бөлігі – кітаптар, картиналар және басқалары. Жеке тұлғаның атында болғандықтан, ғалымның қолы тиген, өзі ұстаған заттар сирек түседі, – дейді Қ.И.Сәтбаев музейдің қор сақтаушысы Сансызбай Сапарғалиев.
Соған қарамастан, музей ұжымы туыстары мен көзін көрген адамдармен хабарласып, үнемі тың деректер мен жәдігерлерін тауып, музейге әкелу бойынша жұмыстарды тоқтатпаған.
– Бұл микроскопты Александр Третьяков осы күнге дейін өз үйінде сақтаған. Бұл сол заманның үлкен жетістігі болған және екінің бірінің қолына тие қоймаған. Сондай-ақ бүгінде музей қорында Таисия Сәтбаеваның жазған хаттары сақталған. Жалпы, Кеңес дәуірі кезінде Ұлттық ғылым академиясы Мәскеу академиясымен тең дәрежеде жұмыс істеген, – дейді қор сақтаушысы.
Мұражайдын ашылуына 1964 жылдын жазында Баянауылда еңбек семестрін өткізген сол кездегі Алматы политехникалық институтының студенттерінен құрылған Ғ.Шалахметов бастаған құрылыс отрядының мүшелері ынта білдіріп, аудан басшыларынан қолдау тапқан. Мемориалдық музейге 2013 жылы демеушілік арқылы қайта күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Музей қорында Қаныш Сәтбаевтың жеке заттары, ғалымның еңбектері, ғылыми, қоғамдық өмірі туралы баяндайтын құжаттар және басқа да заттарды сақталған.