Баянауылда Жаяу Мұса мерейтойына арнап жазылған кітаптың тұсауы кесілді

Жиынға еліміздің әр өңірінен ғалымдар, өнер қайраткерлері, жазушылар, Жаяу Мұсаның ұрпақтары және зиялы қауым өкілдері жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауылдың киелі топырағында қазақтың біртуар ұлы, композитор, әнші-сазгер Жаяу Мұса Байжановтың 190 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми конференция өтті.
Сахна төрінде Жаяу Мұсаның бейнесін жақыннан таныған адамдардың естеліктері айтылды. Композиторға арнап «Ақ сиса» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап авторы Мұса Байжановтың өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, тың деректер негізінде көпшілікке жеткізуге арналған еңбекті оқырмандарға паш етті. Кітаптың басты мақсаты – халық композиторының тұлғасын жаңа қырынан ашып, оның өнердегі және қоғамдық өмірдегі рөлін жас ұрпаққа таныту, рухани мұрасын сақтап, насихаттау.
– Жаяу Мұса бейнесін әдеби және тарихи қырынан толық ашуға тырыстым. Оның шығармашылығы – ұрпаққа үлгі, рухани қазына, – деді кітаптың авторы, Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінің профессоры Амантай Құдабаев.
Композитордың шөбересі Гүлбаршын Орханқызы атасының өмірі мен мұрасын мақтан тұтатынын жеткізді.
– Әжем Анна – Жаяу Мұсаның тұңғыш қызы, мен оның бауырындағы тұңғыш немересімін. Әжем бізді сәнді киінуге, кең ойлауға, туған жермен ғана шектелмей, әлемді тануға үйретті. Жаяу Мұсаның аты аталғанда, адам ерекше рухтанып кетеді. Ол – ұшқыр ойдың, жаңа екпіннің символы, – деді шөбересі.
Конференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары өз құттықтауында биылғы жылды қазақ өнері мен әдебиетінің мерейлі белесі деп атап өтті.
– Бізден бұрынғы ұрпақтардан да асыл адамдар өскен екен. Соны ойлағанда, Баян топырағы төкпей-ақ құнарлы болғаны ау деп айтамыз. Солардың аруағына тағзым етіп, есімдері еске түскенде, кеудені мақтаныш кернейді,– деді Айгүл Мәлікова.
Биыл еліміз үшін ерекше жыл – қазақ әдебиеті мен өнеріне баға жетпес үлес қосқан ұлы перзенттердің мерейтойлары қатар келіп отыр. Ертіс-Баян өңірінен шыққан көрнекті тұлғалар – халық композиторы Жаяу Мұса Байжановтың туғанына 190 жыл, журналист Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы, жазушы, өлкетанушы Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығы, кино аударма өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қуат Әбусейітовтың 100 жылдығы аталып өтуде.
– Ұлы тұлғалардың есімдері әдебиет пен өнер тарихына алтын әріппен жазылған. Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні – қазақ музыкасының алтын қорындағы сүбелі олжа. Осындай іс-шаралар – тарихи тұлғаларымыздың еңбегін насихаттап, жас ұрпақ санасына сіңірудің жарқын үлгісі,– деді облыс әкімінің орынбасары сөзінің аяғында.
Жиын соңында қатысушылар Жаяу Мұса әндерінің шырқалуын бір рухани серпіліс деп бағалап, оның шығармашылығы – қазақ халқының мәңгілік мұрасы деген ортақ пікірге келді.
Жаяу Мұса Байжанов – қазақ музыкасына жаңа леп әкелген, «Ақ сиса», «Гауһар тас», «Сұрша қыз» сияқты туындыларымен ел жүрегіне жол тапқан дарынды композитор. Оның өмірі мен өнері – болашақ ұрпаққа өнеге.