Баянауылда Жаяу Мұса мерейтойында әр айтыскерге 1 миллион теңгеден бұйырды

Баянауылда Жаяу Мұса мерейтойында әр айтыскерге 1 миллион теңгеден бұйырды
Фото: Константин Шелков

Ұлы ақын, сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығына арналған салтанатты шаралар аясында «Үш дәуірдің айтысы» өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елдің түкпір-түкпірінен келген сегіз ақын төрт жұп болып сахна төрінде сөз додасын қыздырды. Алғашқы айтыста баянауылдық Жұмкен Сейітов шығыс қазақстандық Серік Құсанбаевпен жыр сайыстырса, одан кейін Жамбыл өңірінен келген Алтынкүл Қасымбекова Алматы облысының белгілі айтыскері Балғынбек Имашевпен өнер көрсетті. Үшінші жұпта торғайлық ақын Айбек Қалиев пен түркістандық Бекарыс Шойбеков сахнаға шықса, соңғы айтыста Батыс Қазақстаннан келген Жансая Мусина мен жергілікті ақын Аспанбек Шұғатай Баянауыл намысын қорғады.

Айтыс жүргізушісі, ақын Аманжол Әлтай бұл додада жеңілген ешкім жоқ екенін айтып, әр айтыскерге бір миллион теңгеден сыйақы табысталатынын жариялады.

Белгілі айтыскер Балғынбек Имашев Баянауылға алғаш рет келгенін айтып, алған әсерімен бөлісті. 

– Айтыс сахнасында жүргеніме отыз жылдан асты, бірақ Баянауылға бірінші рет табан тіреп тұрмын. Бұл өлкенің табиғаты да, халқының ықыласы да ерекше екен. Қазақтың салт-дәстүрін осылай таза сақтап отырған жерге келу – арманым еді. Енді отбасыммен бірге арнайы келуді жоспарлап отырмын, – деді ол.

Айтыстың соңында әйгілі «Музарт» тобы сахнаға көтеріліп, мерейтой қонақтарын әсем әнмен қуантты.