Баянауылда үсіп қалған аққулар құтқарылды
Құстардың жағдайы қалыпты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде аққуларды ажалдан арашалап қалған жанашыр тұрғын туралы әсерлі оқиға орын алды. Торсықбай өзенінде қатты аяз салдарынан аналық аққудың аяғы мұзға жабысып қалып, қозғала алмай қалған. Ал аталық аққу сыңарын тастамай, жылы жаққа ұшып кетпей, қасында күтіп отырған.
– Аналық аққудың аяғы үсіп қалды. Қазіргі уақытта оны емдеп жатырмыз. Ал аталығы қатты әлсіреп, ұша алмады. Сондықтан екеуін де үйге әкеліп, аман алып қалдық. Көктемге дейін жағдайларын жасап, күтім көрсетеміз. Алдағы уақытта аққулардың видеоларын бөлісіп отыратын боламын, – деді оларды құтқарған Бауыржан Жақыпов.
Қазіргі таңда аққулардың жағдайы жақсы. Құстар жылы жерде, уақытылы қоректеніп жатыр. Тұрғынның айтуынша, алаңдауға себеп жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін аққудың бір жұбы қараша айында «Усолка» ықшам ауданында байқалған еді.