Баянауылда "Өлкетану" мұражайы ашылды
Көне тарихтан сыр шертетін мұражай Торайғыр ауылында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, музейдің салтанатты ашылуы кеше болған.
- Торайғыр ауылында орналасқан Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы музейдің жанынан "Өлкетану" мұражайы ашылды. Мұнда Торайғыр ауылының дамуы мен көркеюі тұсында өз үлестерін қосқан ауыл азаматтарының суреттері мен ауыл тұрғындарының көмегімен жиналған жәдігерлері қойылды, - делінген хабарламада.
Мұражайдың ашылуына аудандық Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музейдің басшысы Қайыркен Абылғазин мен аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Бауыржан Адамбеков және ауыл азаматтары қатысты.
Мұражайда өткен мен бүгіннен сыр шертетін жәдігерлер саны жетерлік. Солардың ішінде халық жазушылары Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Сәкен Сейфуллинге, қазақ қолөнерінің шебері Қамар Қасымовқа арналған тақталар, құнды қолжазбалар мен деректі құжаттарын көруге болады.
- Мұражайдағы ең құнды жәдігерлердің бірі - Қамар Қасымовтың домбырасы мен қобызы деуге болады. Жалпы, бұл мұражайдың ашылуына мұрындық болған әрі тарихи тұлғалар туралы мәліметтерді жинаған Шолпан Жакупова мен Зәуреш Ақантайқызы. Олар ауылдың ардагер ұстаздары, - дейді аудандық әкімдікте.
Бұдан бөлек, экспозициялар қатарында тарихи тұлғалармен қатар ауылдың еңбек ардагерлері, елді-мекен мақтанышына айналған ардагерлер, ғалымдар, дәрігерлер мен ұстаздар сынды білікті мамандардың суреттері орналасқан.