Баянауылдық болашақ математик жылқы баптап, көкпар шабады

Баянауылдық болашақ математик жылқы баптап, көкпар шабады
Фото: Жанқозы Жұмат

Ол ұлттық ойынды дәріптеуді көздейді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі

Айсұлтан Дәулетхан 18 жаста. Қазіргі уақытта студенттік өмірін жылқы баптаумен ұштастырып жүр.

Айсұлтанның сөзінше, сәйгүлік таңдап, оны көкпарға бейімдеу оған ерекше сезім  береді және қазақы рухын аспандатып жібереді.

- Көкпар ойнап, жылқы үстінде түзде жүру мен үшін үйреншікті нәрсе болып қалды. Кешкі салқынмен ат аяңдатуға не жетсін. Көкпарға келуіме әкемнің ықпалы бар. Ат мінгенде жанына ертіп алатын, сол кезден құмарым да, қызығушылығым да ашылды. Бүгінгі күні онға жуық көкпар шабатын айғыр ауыстырдым, - дейді Айсұлтан.

Бүгінгі күні баянауылдық облыс деңгейіндегі жарыстарға қатысып жүр. Осылайша, тәжірибесін молайтып, құлшынысын арттыруда.

Айсұлтан Дәулетхан көкпардан бөлек Павлодар облысының жастар арасындағы құрама командасының  мүшесі ретінде аударыспақ ойыны бойынша республикалық деңгейде өнер көрсетіп келеді. 

- Қазіргі таңда ат спорты ауыл жастары арасында сұранысқа ие. Қала жастары да қызығушылық танытса нұр үстіне нұр болар еді. Қанымызға сіңген бұл спорт нағыз қазақы тәлім-тәрбие мен тарихымыздың ажырамас бөлігі ретінде санауға болады, - дейді Айсұлтан.

Айсұлтан Дәулетхан тұлпарын аудан сыртында көкпар алаңында жолдастарымен жаттықтырады. Көкпар ойынының қыр-сырын бапкер Ардақ Жакуповпен бірге меңгеруде.

Еске сала кетейік, Баянауылда ұлттық ойын түрлерін жаңғыртып жүрген жастар көп. Солардың бірі Бекжан Омар асыл тұқымды тазыларды ұстап, оларды баптаумен айналысады.

Жанқозы Жұмат