Баянауылдық металлаург, экономист: Ауылға көшуден қорықпау керек

Баянауылдық металлаург, экономист: Ауылға көшуден қорықпау керек
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Қайыр» ШҚ басшысы Мұхтар Қайыр ауылға барып, жеке кәсіппен айналысқанына еш өкінбейтінін айтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сәтбаев ауылдық округі Мұса Шорман ауылының тұрғыны 2022 жылы Елордада жастар арасында өткен «Жылдың үздік жас кәсіпкері» атты республикалық форумда бақ сынап, «Үздік жас кәсіпкер» атанған. Есімі «ҚР үздік жас кәсіпкерлері» атты кітап жинағына алтын әріппен жазылып, «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. 

Екі жоғары білім бар. Павлодар мемлекеттік университетін метталлургия мамандығы бойынша бітірген. 2014-2016 жылдар аралығында экономика мамандығы бойынша Қарағанды қаласында білім алған. 

2015 жылы мемлекеттік «Жол картасы-2020» бағдарламасының қолдауымен «Қайыр» ШҚ ашқан. Кәсібін он сегіз бас ірі қарамен бастаған. 2017 жылы қаладан ауылға қоныс аударып келеді. Осылайша мал басын арттырып, бүгінде 117 бас аналық төл, 50 аса жылқы ұстап отыр.  

Сиыр, ірі қара мал, жылқы өсіреміз. Жалпы малды асылдандыруымен айналысамыз,  –  дейді Мұхтар Қайыр.  

Жас кәсіпкер жұмыс істеуге ниетті адамдар үшін ауылда жұмыс жеткілікті екенін айтады. 

–  Ауылды дамытатын – жастар. Қалада пәтер жалдап  тұрғанша  ауылда өз кәсібіңмен айналысқан дұрыс. Себебі, сол кәсіп ұрпаққа мұра болып қалады және ұрпақты еңбек етуге тәрбиелеу керек. Бүгінде жасым 32-де, екі балам бар – бір ұл, бір –  қыз. Қазір жайлылықты іздейтін заман емес. Жас кезінде бойда күш-қуат болғанда еңбек ету керек, – дейді ол. 

Мұхтар Қайырдың алдағы мақсаты  – кәсібін әрі қарай дамытып, мал басын асылдандыру, ауылдың көркейіп дамуына өз үлесін қосу.