Баянауылдық шебер ұлттық өнерді заманауи бағытпен ұштастыруда
Оның бұйымдарының көбі тек табиғи жолмен жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Urshyk» қолөнер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, дәстүрге жол қолөнершісі және хас шебер қолөнершілер бірлестігінің мүшесі Гүлназима Жүсіпбаева Лекер қажы ауылында туған. Ол қазақтың дәстүрлі және заманауи қолданбалы өнерін біріктіріп, ұлттық бұйымдар жасап жүр. Гүлназима Жүсіпбаева шеберлікті бала кезінен дамыта бастағанын айтады.
– Әкем тері илейтін, анам құрақ құрайтын, ал мен осындай өнерлі адамдардың ортасында өстім. Бала кезімде көрген әр бұйым мен үшін шабыт көзі болды. Қазір мен идеяны іздемеймін, ол өзі келеді. Кейде көрмелерде бір зат ұнап қалса, оны қиялыммен жасап шығарамын. Жүнді қолыма ұстаған сәтте жаңа бұйым көз алдыма елестейді, соны жасай бастаймын, – дейді шебер.
Оның айтуынша, әр қазақтың дәстүрлі бұйымы – тек зат емес, рухани код. Мысалы, сырмақ – отбасының жылуы, асық – балалық қуат, тұмар – қорғаушы күш болса, торсық – берекенің символы болады.

– Бұл өнер менің тегімде, тәрбиемде, қанымда бар дүние. Қолымды өзіне тартып тұрды, – деп бөлісті Гүлназима Жүсіпбаева.
Қолөнершінің айтуынша, қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін заманауи қолданбалы өнерді біріктіріп, табиғи материалдармен жұмыс жасайды. Ол жүннен пано, жилет, палантин, берет, үйге ілетін тұмарлар, мелхиордан ұлттық әшекейлер, сүйектен брелоктар, құрақ құрау, оюлы, ши құрақ, теріден қамшы, торсықтар мен моншақтан тоқылған бұйымдарды өз қолынан шығарады.
– Мен үшін даму – техника емес, дәстүрді жалғау. Ұлттық өнерді тек жасау емес, түсіндіру, қайта тірілту маңызды, – дейді шебер.
Гүлназима Жүсіпбаеваның айтуынша, 15 жылдан астам уақыт бойы тапсырыс алып, бұйым жасап келеді. Биыл шебер Орал қаласында өткен республикалық Текемет фестиваліне, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы жүн бұйымдарының байқауына қатысқан.
Гүлназима Жүсіпбаева сонымен қатар оймақ қолөнер үйірмесінің жетекшісі. Жас қатысушылар – жеті мен 15 жасқа дейінгі балалар. Үйірме тегін өтеді. Балаларға тек техниканы ғана емес олардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыруға тырысады.
Шебер көбіне жүнмен жасаған бұйымдарға көңіл бөледі, бірақ сүйек, тері, бисер және құрақпен жұмыс жасау да назардан тыс қалмауда.