Баянауылдың елді мекенінде мал сою және бордақылау алаңы пайда болады
Оның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қызылтау ауылдық округіне қарасты Лекер ауылында мал сою және бордақылау алаңы салынуда. Бұл туралы Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев жеке парақшасында мәлім етті.
– Өнімділігі тәулігіне 200-250 бас ұсақ мал, 30-35 ірі қара малға мал сою алаңы мен 500 бас ірі қара немесе 4000 бас ұсақ малға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бір уақытта 30 бас малды сақтайтын тоңазытқыш та жергілікті тұрғындар үшін қолайлы болмақ, – деді ол.
Мал сою және бордақылау алаңының ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қолайлылық туғызады: уақыт үнемделеді, қызмет сапасы артады, ең бастысы – қауіпсіздік деңгейі күшейтіледі.
Ауылдың дамуы осындай нақты, жүйелі істерден басталады. Жаңадан ашылып жатқан нысан — ауылдың келешегіне жасалған сенімді қадам, тұрғындарға көрсетілетін қамқорлықтың көрінісі.