Бұл бір мереке сияқты: Павлодарда референдумға бірге келген отбасы
Тұрғындардың арасында алғаш рет дауыс беріп жатқан жас белсенділер де бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
№41 орта мектебінде таңғы жетіден бастап екі сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның бірі – №59 учаскесіне 2233 сайлаушы тіркелген, оның ішінде 13 адам алғаш рет дауысын береді, ал сегіз тұрғын үйден таңдау жасайды. Учаскеден тыс дауыс беруге өтініш білдірген зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға комиссия мүшелері барып, жәшікті апарады. Сағат 11:00-дегі мәлімет бойынша 454 адам өз таңдауын жасап үлгерді.
– 18 жасқа келген екі азамат келді. Оларға сыйлықтарымызды тарту еттік. Тіпті таңертең ерте тұрып, алты жарымда есіктің алдында күтіп тұрған алғашқы дауыс берген зейнеткерге де сыйлық бердік. Белсенділік өте жоғары десем артық болмас, себебі адамдар көтеріңкі көңіл күймен келіп жатыр, – деді №59 референдум учаскесінің төрағасы Ольга Авдеюк. – Бұзушылықтар тіркелген жоқ. Референдум ережеге сай өтуде.
Оның сөзінше, референдумда отбасылы адамдардың белсенділігі байқалуда. Мысалы, павлодарлық тұрғын Ульяна Никулинская өз таңдауын жасау үшін бүкіл отбасымен келді.
– Бүкіл отбасыммен дауысымызды бердік. Ата-анам басқа учаскеге тіркелгендіктен, біз екі жаққа бөліндік, – деді әйел. – Біз алға дамып, өсіп бара жатқан елміз. Сондықтан мемлекетімізде барлығы жақсы болу үшін шешімді қабылдауға келдік. Әр адамға таңдау жасаудағы еркіндік беріліп отырғаны өте керемет деп ойлаймын. Референдум учаскесінде адамдар сыпайылық танытуда. Бұл бір мереке сияқты. Ән шырқап, көңілді атмосфера сезілуде.
Ал алғаш рет дауыс беруге келген электроника және коммуникация жоғары колледжінің студентіне альбом сыйлады.
– Референдумды қолдаймын. Жалпы таңдау мүмкіндігі беріліп отырғаны қуантады. Дауыс беру – әр азаматтың борышы. Сыйлық береді деп ойламаппын, шынымды айтсам таң қалдым, – деді Даниял Төлеутай.
Айта кетейік, таңнан бері учаскелердің аумағында жәрмеңке ұйымдастырылуда. №41 орта мектебінде екі сағаттың ішінде ұсынылған азық-түлік және көкөністер толығымен сатылды.