Биыл Павлодар облысына мыңнан астам қандас қоныс аударады
Тарихи отанына келетін қандастар елді мекендерге біркелкі бөлінетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы жұмысты үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырова жалпы 2024 жылы өңірімізге 1300 адам келіп, қандас мәртебесін алғанын атап өтті. Келушілердің басым бөлігі Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және Түркіменстан елдерінен келген.
Айта кетерлігі, қандастарды қабылдаудың 2024 жылға арналған 1252 өңірлік квота 100 пайызға игерілген.
– Өңірлік квотаға енгендердің арасында 668 адам еңбекке жарамды, олардың 289-ы тұрақты жұмыс орындарына орналасты. 24 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Көшіп келушілерге барлық көмек уақытылы беріліп, адаптация және интеграциялық көмек көрсетілуде, – дейді Самал Қадырова.
Қандастарымыздың басым бөлігі облысымыздың қалалары және Аққулы, Май, Павлодар, Успен және Шарбақты аудандарында қоныстанған.
– Биыл жоспар бойынша 1056 қандас келуі көзделуде. Бұл – былтырға қарағанда 196-ға кем. Тарихи Отанына келген қандастар елді мекендерге біркелкі бөлінетін болады, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Еске сала кетейік, елімізде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы 9 653 адам деп белгіленді. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 170 адамға артық. Ал 2024 жылы 19,7 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап 2025 жылғы 1 қаңтар аралығында 1 млн 148 мың астам этникалық қазақ тарихи отанына оралды.