Биыл Павлодар облысында қанша бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ?

Биыл Павлодар облысында қанша бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жалғасуда. Соның маңызды бағыттарының бірі – бірінші сыныпқа оқушыларды қабылдау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, биыл өңір мектептері 11 мыңға жуық бүлдіршінді қабылдауды жоспарлап отыр.  

– Қазіргі таңда ата-аналардан түскен өтініштердің саны 9 мыңға жуықтады. Оның ішінде балалардың 51 пайызы қазақ сыныбына, 49 пайызы орыс сыныбына қабылданған. Әлі де өтініш беруге мүмкіндік бар, – дейді облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Абаева.

Маманның айтуынша, ата-аналарға құжат тапсырудың бірнеше мүмкіндігі қарастырылған. Өтінішті OQU ұлттық білім беру платформасы немесе eGov.kz порталы арқылы онлайн түрде беруге болады. Сонымен қатар, мектепке барып, қағаз түрінде тапсыру мүмкіндігі де сақталған. Қай тәсіл таңдалса да, өтініш белгіленген тәртіп бойынша бір жұмыс күні ішінде қаралады.

Бірінші сыныпқа қабылдау үшін ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші қажет. Сондай-ақ баланың 3х4 көлеміндегі фотосуреті, денсаулық паспорты ұсынылады. Егер бала психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысын қажет ететін санатқа жатса, тиісті құжат қоса тапсырылады.

Айнагүл Абаева құжаттарды дұрыс әрі толық рәсімдеудің маңыздылығын атап өтті.

– Құжаттардың толық ұсынылуы қабылдау үдерісінің жедел жүруіне мүмкіндік береді. Сондықтан ата-аналардан өтініш беру кезінде қажетті мәліметтерді мұқият толтыруды сұраймыз, – деді ол. 

Кейбір білім беру ұйымдарында орын саны шектеулі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оқушыларды қабылдау Оқу-ағарту министрлігінің №564 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Ең алдымен мектептің қызмет көрсету аумағында тұратын балалар қабылданады. Бұл талап білім беру ұйымдарындағы жүктемені реттеуге және балалардың тұрғылықты жері бойынша білім алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Онлайн түрде құжат тапсыру кезінде кей жағдайда техникалық ақаулар, интернетке байланысты қиындықтар немесе құжаттарды жүйеге дұрыс жүктемеу мәселелері кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда мектеп әкімшілігі мен жауапты мамандар ата-аналарға қажетті кеңес беріп, өтінішті дұрыс рәсімдеуге көмектеседі.

Білім беру басқармасының мәліметінше, бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары белгіленген тәртіппен жалғасуда. Ата-аналар 31 тамызға дейін баласын мектепке тіркеп, қажетті құжаттарын тапсыра алады.