Биыл Павлодар облысында 400 мың га жуық пайдаланылмаған жерлерді қайтарылмақ

Биыл Павлодар облысында 400 мың га жуық пайдаланылмаған жерлерді қайтарылмақ

Бүгінгі таңда 117,8 мың га пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, мұндай нәтижеге  облыстық жер ресурстарын басқару департаменті және «Жер Аманаты» комиссиясының бірлескен жұмысының нәтижесінде қол жеткізілді. 2023 жылы облыста пайдаланылмаған 380 мың га жерлерді қайтару жоспарланып отыр. 

– Ауылдағы жайылым мәселесі өткір тұр және барлық дерлік аудандарда бар. Әр гектар жерді мақсатына сай пайдалану қажет. Жер қатынастарымен айналысатын құзіретті органдармен осы мақсатта пайдаланылмаған және заңсыз берілген жерлерді қайтару бойынша бірлескен жұмыстар жалғасатын болады. Біздің табысты жұмысымыз оң нәтижесін беруде. Жерлерді жастарға беру механизмін заңнамалық түрде қарастырып, тиісті ұсыныстарды әзірлеп, Парламентке жолдау қажет деп есептеймін, – деді облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Айгүл Маликова.

Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бағдат Налибаевтың айтуынша, жыл басынан бері  68 тексеру жұмыстары жүргізілген.

– Биылғы жылы талап-арыз жұмысына қатысты сотқа ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қатысты 17351,5 мың гектар жалпы алаңда заңды түрде жасалмаған жер учаскелерін жалдау шарттарының күшін жою жөнінде 14 талап қойылды. Бұл талап-арыздар қарау сатысында. Департамент 2023 жылға арналған ҚР заңнамасын бұза отырып берілген және пайдаланылмаған жерлерді қайтару жоспарын әзірледі. Қазіргі уақытта 117,8 мың гектар пайдаланылмаған жер қайтарылды. Бұл 31 % құрайды, – деп атап өтті Бағдат Налибаев.

Комиссияның мүшесі Асылбек Туғанбай жерді дұрыс пайдаланбаған азаматтарға заң жүзінде тиісті шаралар қолдану мәселесін көтерді. 

– Жер – біздің басты байлығымыз. Оны күту де үлкен еңбек пен жауапкершілікті қажет етеді. Жер иелері жерлерді күтілген түрде өз қарамағына алса, сол қалпында мемлекетке қайтару қажет деп есептеймін. Себебі, жақсы құнарлы жерлерді алып, оны дұрыс емдемей немесе оны мүлдем пайдаланбаса, оны болашақта игеру қиынға соғады. Жерді дұрыс пайдаланбаған азаматтарға заң жүзінде қандай тиісті шаралар қолданылады? Осы мәселені  қолға алсақ, жер алып, кәсіп қыламын деген азаматтар жерді күтіп, аса жауапкершілікпен қарайтын еді,  – деді Асылбек Туғанбай.

Жер қатынастарын реттейтін мемлекеттік органдар осы мәселені реттейтін тетіктер мен механизмдер тиісті деңгейге қойылмағанын атап өтті. 

– Жер учаскелері қайтарылған кезде ол тек (Жер кодексінде жазылған) сол күйінде қайтарылуы керек. Бізде жер пайдаланушымен шарт жасалады, оған сәйкес сол жерге ұқыпты қарауы, оны ұтымды пайдалануы және оның сапасының нашарлауына жол бермеуі тиіс. Бірақ мұны қалай шешуге болады және бұл бұзушылықтарды қалай анықтауға болатыны жайлы тетіктер бізде жоқ. Жер ресурстарын басқару департаменті мұнымен айналыса алмайды, – деді облыстың жер қатынастары басқармасының басшысы, комиссия мүшесі Мұрат Хамитов.

Комиссия мүшелері Новочерноярко ауылында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Ауыл тұрғындары жастарға жаңадан кәсіп ашу, жайылымды жерлерді ұлғайту, тозығы жеткен жерлерді қалпына келтіру мәселелері толғандырды.