Боранды күні павлодарлық полицейлер 200-ден астам көлікті колоннамен өткізді
Жолаушылар қолайсыз ауа райына қарамай жолға шығуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы тәулікте Павлодар облысының автожолдарында ауа райының нашарлауына байланысты бірқатар шектеулер енгізіліп, барлық көлік түрлерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды.
– Бүгін «Екібастұз-Павлодар» жолында жиналған көліктерді қолдау үшін патрульдік полиция бөлімшелері ұйымдастырылған. Көліктерді колоннаға тұрғызған кезде полицейлер жүргізушілерге колоннада жүру ережелерін, белгіленген жылдамдық режимін және интервал сақтаудың маңыздылығын түсіндіреді. Патрульдік полицейлер көлік колонналарын қалыптастырып, олардың жол бойындағы қозғалысын қамтамасыз етуді жалғастыруда, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Жол қызметтері мен ішкі істер органдарының оперативтік өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысына қарасты және көршілес аймақтарға баратын автожолдарды ауа райы мен жол жағдайлары нашарлаған кезде бір мезгілде жабу шешімі қабылданды.
Полиция барлық жүргізушілерді аса сақ болуға және көлікті алдын ала дайындауға шақырады.
- Дөңгелектерді, тежегіш жүйесінің, техникалық сұйықтық деңгейінің және қажетті қысқы жабдықтардың жағдайын тексеріңіз. Алдағы күндері облыс аумағында ауа райының нашарлауы күтілуде, - дейді тәртіп сақшысы.
Арнайы назар пассажирлік көлік жүргізушілеріне және облысаралық трассаларға шығатындарға аударылуда. Оларға жылдамдық режимін, қауіпсіз ара қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау ескертілуде. Сондай-ақ ауа райының өзгерісін қадағалап, SMS-хабарламаларды бақылап, жол жабылған жағдайда қозғалыстан бас тарту керектігі айтылды.
Ал ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға аяз бен боранда далада ұзақ жаяу жүрмеуге кеңес берілді. Төтенше жағдайға тап болған жағдайда 112 бірыңғай құтқару қызметіне немесе 102 телефонына хабарласу керек.