Bytanat пен Colorit Павлодар зумерлерінің кешін қыздырды

Bytanat пен Colorit Павлодар зумерлерінің кешін қыздырды
Фото: автор

Ерке Ертіс жағасында жас буынның мерекесі дүркіреп өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Халықаралық жастар күніне орай Ертіс Promenade сахнасында жас көрерменге арналған «Jastar Fest» мерекелік кеш ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін фестиваль биыл да жас таланттардың шығармашылығын қолдауға бағытталды.

Бағдарлама сағат 17:00-де «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясындағы QR-тестпен басталды. Оған жиырмаға жуық қала тұрғыны мен жас қатысты. Үш жеңімпаз LED-экран арқылы анықталып, оларға брендтелген рюкзактар мен футболкалар табысталды.

Сағат 18:00-19:00 аралығында DJ-сет ұйымдастырылып, кейін павлодарлық орындаушылардың концерттік бағдарламасы ұсынылды. Сахнаға 22 жас шығып, олардың қатарында екі би тобы өнер көрсетті. Кештің хедлайнерлері болған Bytanat пен Colorit кештің сәнін кіргізді.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының креативті жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Айша Хазаеваның айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – жас буынға өз қабілетін танытуға мүмкіндік беру.

– Осы іс-шара арқылы әр жас өз өнерін көрсетіп, еркін ашыла алады. Біз жас таланттарға қолдау көрсетіп, үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік беріп тұрмыз. Бұл – олардың қоғамдағы маңыздылығын көрсетудің бір жолы. Жастар фест жылдан жылға көркейіп келеді, келесі жылы да жалғасады, – деді ол.

Хедлайнерлерді таңдау кезінде әлеуметтік желіде сауалнама жүргізілген. Әншілер мен олардың тректері Instagram Stories арқылы ұсынылып, көрерменнің таңдауы ескерілген. Нәтижесінде кештің көркін кіргізген әншілер іріктеуден өткен.

Bytanat Павлодарға алғаш рет келмегенін айтып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

– Өткен жылы осындай үлкен жастар кешінде болғанмын. Ертіс Promenade-қа келу біз үшін үлкен мәртебе. Павлодарда жиі болып тұрамын, қаланың атмосферасы өте керемет. Бүгінгі жастар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Болашақтарыңыз жарқын, жолдарыңыз ашық болсын, – деді әнші.

Ал Colorit Павлодарға алғаш рет келгенін айтып, шаһар туралы алғашқы әсерімен бөлісті.

– Маған Павлодар өте ұнады. Қала бірден жарқын атмосферасымен әсер етті. Трамвайлары ерекше атмосфера береді. Ертіс жағалауы да өте әдемі. Бүгінгі павлодарлық көрермен мені жылы қарсы алды. Оларға әрдайым мақсатты болып, ерекше қалпында қалып, тек алға ұмтылуды тілеймін, – деді әнші.

Жас орындаушылар үшін де үлкен сахнада өнер көрсету ерекше мүмкіндік болды. Торайғыров университетінің актерлік мамандығында оқитын екінші курс студенті Бақберген Ботаев кеш барысында Мирас Жүгінісовтің «Шыда» әнін орындады.

– Бұл әнді таңдаған себебім – әр адамның өмірінде қандай да бір мәселе болады. Ең бастысы – берілмеу, тек алға ұмтылу. Осындай мәдени кездесулер өзіңді ашуға көмектеседі. Қазір көп жас ұялшақ, жабық болады. Ал сахнаға шыққанда еркіндік пайда болып, өзіңді қысылмай көрсетуге мүмкіндік бар, – деді студент.

Жас әнші Сұлтанмахмұт Момынжанов та Ертіс Promenade сахнасында өнер көрсетіп, көрермендерді батыл болуға шақырды. Ол каверлік репертуарынан Bagzhan-ның «Махаббат» әнін таңдаған.

– Өмірдегі ең бағалы зат – жастық шақ. Жастардың мейрамы құтты болсын! Жастарға көбірек батылдық, жаңа істер мен бастамалардан қорықпауды тілеймін, – деді  ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай фестиваль жас таланттарды көпшілікке танытып қана қоймай, олардың болашақта жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына ықпал етеді. Кеш соңында хедлайнерлер сахнаға шығып, мерекелік бағдарламаны қорытындылады.