Демалыс күндері павлодарлық полицейлер қалай жұмыс істеді?
Тәртіп сақшылары 900-ге жуық заңбұзушылықтың алдын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, заңдар қатаңдаса да алаңсыз мас күйде көлік жүргізетіндер азаймаған. Тек демалыс күндері Павлодар облысының полициясы 889 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 637 жол қозғалысы ережелеріне қайшы келсе, 15 жүргізуші мас күйінде көлік құралын басқарған.
– Мысалы, Павлодарда ВMW-520 автокөлігінің жүргізушісі мас күйде қолға түсті. Тексеру барысында азаматтың көлік жүргізуге құқығы болмағаны анықталды. Оның темір тұлпары мамандандырылған автотұраққа қойылды. Сондай-ақ, облыс ауылдарында Toyota Aristo және Volkswagen Passat жүргізушілері тоқтатылды. Олардың бірі ішімдік ішкен болса, екіншісі құжатсыз көлік басқарған, - дейді облыстық ПД патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.
Жүргізушілердің барлығы жауапқа тартылды. Қазіргі таңда құқық бұзушылар сот шешімін күтуде. Олардың көліктері арнайы автотұраққа қойылды.