Донор күні: Павлодарда он мыңнан астам донация жасалды

Донор күні: Павлодарда он мыңнан астам донация жасалды
Фото: автор

Облыста қан тапсырушылар саны артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда Дүниежүзілік қан доноры күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Биылғы мерекенің ұраны – «Адамгершіліктің бір тамшысы. Қан тапсырыңыз. Өмірді сақтаңыз.». Оның барасында қан донорлығының маңызын насихаттау, тұрақты донорларға алғыс білдіру және тұрғындарды өмір сақтауға үлес қосуға шақыру.

Облыстық қан орталығы донорларды жинау бөлімінің меңгерушісі Сәуле Игібаеваның айтуынша, донорлардың көмегі көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Біз үшін тұрақты донорлар – нағыз қаһармандар. Әсіресе, тромбоцитоферез донорларының орны ерекше. Апат кезінде, босану барысында қан жоғалтқан әйелдерге немесе ауыр халдегі науқастарға шұғыл түрде тромбоциттер қажет болады. Сондай сәттерде біздің донорларымыз түн ортасында да, жұмыс уақытында да шақыртуға жауап беріп, көмекке келеді. Бұл – көзге көрінбейтін ерлік, – дейді Сәуле Игібаева.

Маманның сөзінше, облыста қан қоры жеткілікті. Өткен жылы қан тапсыру үшін 13 мыңнан астам адам келгенімен, медициналық тексеруден өткен 10 мыңнан астам азамат донация жасаған. Қазіргі таңда өңірде тұрақты тромбоцит донорларының саны 200-300 адамды құрайды.

Қалада донор тапшылығы жоқ. Біз медициналық ұйымдардың сұранысын толық қамтамасыз етіп отырмыз. Дегенмен, донорлар қатары үнемі жаңарып, жасарып отырғанын қалаймыз. Сол үшін жоғары оқу орындары, колледждерде және аудандарда акциялар ұйымдастырамыз, – дейді бөлім меңгерушісі.

Тұрақты донорлардың бірі Серік Зейнуллин соңғы бірнеше жыл қатарынан қан тапсырып келеді. Ол донорлықтың пайдасы тек науқастарға ғана емес, өз денсаулығына да оң әсер еткенін айтады.

Жеті жыл бойы қан тапсырып жүрмін. Біраз уақыт басқа қалаға кетіп қалып, үзіліс жасадым. Өткен жылдан бастап қайта жалғастырдым. Менің қан тобым – үшінші оң. Қан тапсырғаннан кейін өзімді жақсы сезінемін. Ешқандай бас айналу немесе жайсыздық болған емес. Дәрігерлер алдымен толық тексеруден өткізеді, сондықтан қорқатын ештеңе жоқ. Барлық тұрғындарды донор болуға шақырамын, – дейді ол.

Тағы бір тұрақты донор Әділжан Тұрарбековтің де қан тапсырып жүргеніне сегіз жылдай болған. Ол бүгінгі күні тромбоциттер мен қанды тұрақты түрде өткізіп келеді.

Қан орталығынан хабарласқанда әрдайым келуге тырысамын. Себебі, бұл - ауыр жағдайдағы адамдарға, жол апатына түскендерге немесе күрделі ота жасалып жатқан науқастарға көмектесудің нақты жолы. Алғаш рет әріптесіміз жол апатына түсіп, реанимацияға түскен кезде қан тапсырдым. Сол күннен бастап донорлықты тоқтатқан емеспін, – дейді Әділжан Тұрарбеков.

Мамандардың айтуынша, донор болу үшін адамның денсаулығы жақсы болуы қажет. Созылмалы аурулар, инфекциялық дерттер немесе уақытша медициналық шектеулер қан тапсыруға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, денсаулығы жарамды азаматтардың әрбір донациясы ондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі.