Павлодар облысының ауруханаларында қосымша төсек-орындар дайындалды
Өңірде эпидемиологиялық маусым басталғалы бері жедел респираторлық вирустық инфекциялар тіркелуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің орынбасары Зәмзәгүл Досжанованың мәліметінше, маусым басынан бері облыста 52 142 жағдай анықталған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен тоғыз пайызға төмен. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 32 833, бір жасқа дейінгі балалар саны мыңнан астам, ал жүкті әйелдер арасында – 179 жағдай тіркелген.
– Жыл сайынғы мониторинг нәтижелері көрсеткендей, облыста апталық бақылау деңгейінен асып кеткен жағдайлар тіркелген жоқ. Эпидемиялық ахуал тұрақты, бірақ маусым енді басталуда, – деді ол.
Өңірде қазан айынан бастап «Гонконг» типіндегі грипп вирусының 30 жағдайы тіркелді. Оның он төрті 14 жасқа дейінгі балалар, ал қалған 16 жағдай ересектер арасында анықталған. Соның ішінде төрт жағдай жүкті әйелдерде кездескен. Жағдайлар облыс бойынша әртүрлі қалалар мен аудандарға таралған, ең көбі – облыс орталығында анықталған, ал қалғаны өңірдің кейбір аудандарында тіркелген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологі Дина Шакратованың айтуынша, өңірдегі инфекциялық стационарлардағы төсек-орындардың толу деңгейі 98,5 пайыз. Ересектер стационары толық, балалар стационары – 98,2 пайызға бос емес.
– Қоймалар толық жүктемеге жақын, бірақ резервтік орындар бар. Қажет болса қосымша төсек-орындар кезең-кезеңімен ашылады. Қазіргі уақытта резервте 160 төсек-орын дайын тұр, ал қосымша медициналық ұйымдар өздері де қосымша орын ашуға дайын, – деді ол.
Мамандардың сөзінше, эпидмаусым 1 қазанда басталып, 30 сәуірге дейін жалғасады. Олардың болжамынша, қараша-желтоқсан айларында дертке шалдыққандар саны өседі, шарықтау шегі – қаңтар-ақпанда болады.
СЭС өкілдері тұрғындарға қарапайым, бірақ тиімді профилактикалық шараларды ұстануды ұсынады. Оның ішінде көпшілік орындарға баруды шектеу, ауру белгілері бар адамдармен байланысудан аулақ болу, қажет болған жағдайда бетперде тағу, қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету және ылғалды тазалықты сақтау маңызды. Сондай-ақ, отбасы ішінде науқасқа жеке бөлме, жеке ыдыс және сүлгі бөлу, дұрыс киіну мен суықтан сақтану, таза ауада серуендеу, физикалық белсенділікпен айналысу, толық ұйықтау ұсынылады. Рационалды тамақтану да маңызды: витаминге бай көкөністер мен жемістер, сондай-ақ табиғи фитонцидтер – сарымсақ пен пияз – организмді инфекциялардан қорғауға көмектеседі.