«e-Otinish» платформасында павлодарлық мемлекеттік органдардың тәртібі артуда

«e-Otinish» платформасында павлодарлық мемлекеттік органдардың тәртібі артуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шенеуніктер өтініштерге уақытылы жауап қайтару және сауалдарын елеусіз қалдырмау үшін жұмысын жетілдіруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2021 жылы 1 шілдеде мемлекеттік органдарға өтініштер беруді жеңілдету және олардың орындалуын бақылау үшін «e-Otinish» электрондық жүйесі енгізілді. Сол жылы Павлодар облысы бойынша тұрғындардан келіп түскен 500 өтініштің қаралу мерзімі бұзылды. Бұл туралы ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті өтініштерді бақылау және сараптау бөлімінің бастығы Қуандық Жұмалин мәлім етті.

– Жыл сайын бұл көрсеткіш төмендеп бара жатыр. Бұл – мемлекеттік органдардың тәртібі өсіп жатқандығының белгісі. Тәртіп барлық деңгейлерде – жергілікті атқарушы органдар, уәкілетті орталық органдарда байқалуда, – деді Қуандық Жұмалин.

Оның айтуынша, құқықтық статистика органдарының негізгі міндеті – шенеуніктерді заңнамада қарастырылған нормативтік-құқықтық актілерді дұрыс қолдануға, мемлекеттік құқықтық статистиканың бұрмалануына жол бермеу, өтініштерді уақтылы қарау, жауаптардың толықтығын қамтамасыз етуге үйрету.

– Биыл бес айдың ішінде «e-Otinish»-те өтінішке уақытылы жауап бермеудің 20-ға жуық факті орын алды. Ол үшін тәртіптік жауапкершілік қарастырылады. 3-4 күн, апталар бойы жауап бермеген орындаушының тәртібіне қатысты енгізілген қадағалау актісі бойынша мемлекеттік органның басшысы шешім қабылдайды. Бұйрықтар зерттелген кезде бұл ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс түріндегі жазалар болды, – деді Қуандық Жұмалин.

Жыл басынан бері тоғыз ұсыныс енгізілді. Бөлім басшылары мен уәкілетті органдардың орындаушыларына қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы 6 қаулы қабылданды. Нәтижесінде 40 лауазымды тұлға жазаланды, оның 35-і тәртіптік және бесеуі әкімшілік жауапқа тартылды.