Павлодар облысында түнгі уақытта қыдыруды ұнататын жасөспірімдер ұсталуда

Павлодар облысында түнгі уақытта қыдыруды ұнататын жасөспірімдер ұсталуда
Фото:pixabay.com/rkarkowski

Оннан астам мекеме иесіне айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды. 

– Тұрғылықты жері бойынша есепте тұрған 118 кәмелетке толмаған және 299 ата-ана немесе заңды өкіл тексерілді. Полицияға түрлі бұзушылықтар үшін 532 кәмелетке толмаған бала жеткізілді, оның ішінде 347 жасөспірім түнгі уақытта жүрген. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына және өзге де балалар мемлекеттік органдарына 31 жасөспірім орналастырылды, – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мадина Ниязбекова.

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және оқыту бойынша ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін 106 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алкоголь өнімдерін сату жөніндегі заңнама талаптарын бұзғаны үшін 16 адам жауапқа тартылса, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін түнгі уақытта 11 дүкен иесі жазаланды. 

– Алкогольді ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болғаны үшін 15 заңды өкіл жауапқа тартылды.   Кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына жіберу мәселесі бойынша сотқа үш материал жіберілді, оның екеуі сотпен қанағаттандырылды. Бұдан басқа, өз балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 35 кәмелетке толмаған және 25 ата-ана анықталып, есепке қойылды, – деді Мадина Ниязбекова.

Оның сөзінше, бұзушылықтардың басым бөлігі балалардың 23:00-ден кейін далада жүру фактілері құрап отыр. Олардың негізгі жасы – 15-17. 

– Ювеналды полиция қызметкерлері жұмадан жексенбіге дейін, яғни демалыс күндері рейдтік іс шараларды тұрақты негізде өткізеді. Кәмелетке толмағандар «кинорум», компьютерлік клубтарда жүру фактілері бар. Алайда қандай да бір ойын-сауық мекемесінде жасөспірімдер жиі ұсталады деп айта алмаймыз. Егер мекемеге айыппұл салынса, олар келесі жолы осы мәселеде сақтықпен қарап, мұқият болады, – деді Мадина Ниязбекова.

Полицейдің айтуынша, құқық қорғау органдары тұрақты негізде мектептерде ата-аналарға дәрістер, әңгімелер, дөңгелек үстелдер өткізеді. 

– Үнемі учаскелік инспекторлар оқу орындарында ата-аналар жиналыстарында кәмелетке толмағандарға қоғамдық орында тек сағат 23:00-ге дейін болуға рұқсат беретін заңнама бар екенін жеткізеді. Жасөспірім үшін тек ата-анасы ғана жауап береді. Олар баласының қай жерде екенін, кіммен бірге екенін толық білуі керек. Яғни, балалардың қоғамдық жерде өткізетін уақытын шектеп, қадағалауы тиіс, – деді Мадина Ниязбекова.

Еске сала кетейік, Павлодарда гитарада ойнаған бозбала ересектермен байланысып, жазаға ұрынды.