«Eco Force»: Павлодарда экологиялық патрульдің екінші рейді өтті

«Eco Force»: Павлодарда экологиялық патрульдің екінші рейді өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Табиғат жасағы» мүшелері қаланың бірнеше аумағында санитарлық жағдайды тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара Павлодар қаласы әкімдігі, қалалық ішкі саясат бөлімі, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Рейд барысында патруль мүшелері Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт маңын және Торайғыров көшесіндегі аулаларды аралап, санитарлық жағдайға мониторинг жүргізді.

– Тексеру кезінде назар аударуды қажет ететін учаскелер анықталып, тұрғындарға тазалықты сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді «Жасыл ел» Павлодар облыстық штабының баспасөз қызметі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық патрульдер қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және шаһар тазалығын сақтауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.

Еске салайық, «Eco Force» экологиялық патрульдері Павлодарда шілде айында жұмысын бастады. Жоба «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылып, оның мақсаты – қаланың тазалығын сақтау, экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру.