Екібастұздағы апат: Кеншілер шаһарында жылуға жауапты басшылардың соты басталды
Екібастұз жылуэлектр орталығындағы апатқа байланысты қылмыстық іс қалалық сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сотталушылар қатарында бұрынғы үш басшы бар. Олар «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС бас директоры Павел Мельничук, «Екібастұз жылу электр орталығы» ЖШС директоры Виктор Вебер және «Екібастұз жылу желілері» ЖШС директоры Евгений Горват.
Іске Екібастұздағы «қатып қалған» пәтерлер мен үйлердің 59 тұрғыны қатысты. Зардап шеккен азаматтардың ішінде ең көп шығын 7 миллион теңгеден асады.
Айыптау қорытындысына сәйкес, 2022 жылы 27 қарашада Екібастұз қаласында жылу желілеріндегі апат салдарынан магистральдық құбырларда көптеген жарылу орын алған. Салдарынан 149 көппәтерлі, 114 жеке тұрғын үй және 15 әлеуметтік нысан жылусыз қалды.
«2022 жылдың 28 қарашасы мен 8 желтоқсаны аралығында Екібастұз қаласы әкімдігінің қаулысымен <…> төтенше жағдай жарияланды», - деді прокурор. «Осылайша, «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС-да орын алған апат екібастұздықтар мен мемлекетке айтарлықтай шығын келтірді.
«Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС Екібастұз қаласының тұрғындары мен әлеуметтік нысандарын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін ең басты нысан. Оның басшысы Павел Мельничук техниканың 2022-2023 жылғы күзгі-қысқы маусымға дайын еместігін біле тұра, жұмысқа әзірлік актілеріне қол қойған. Ол ұзақ уақыт бойы электр энергетикасы саласындағы заңнаманы өрескел бұзумен жұмыс істеп келгені анықталды.
Еске сала кетейік, облыс прокуратурасы өткен жылдың 30 қарашасында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 254-бабы – коммерциялық ұйымдағы міндеттеріне адал емес қатынас бабы бойынша тергеуді бастаған. Қадағалау органында бұрын хабарланғандай, тексеру мамандары мен облыстық басқармалар электр станциялары мен ЖШС желілерін техникалық пайдалану кезінде көптеген бұзушылықтарды анықтады.
Екібастұз ЖЭО-да орын алған апат фактісі бойынша жылу маусымына жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі – салғырттық бойынша тағы бір қылмыстық іс аяқталды. Мұнда аумақтық энергетикалық қадағалау басқармасының басшысы және Екібастұз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы анықталып, күдікті ретінде танылды.