Екібастұздық криминалист: Бір ғана саусақ ізі оң нәтиже берді
Полиция майоры Сұңғат Жақсыбергеновтың қызмет өтілі 21 жылды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласы полиция басқармасы жедел криминалистикалық бөлімінің аға криминалисті Сұңғат Жақсыбергенов ішкі істер органдарына қызметке 2002 жылы әскердегі борышын атқарып келгеннен кейін келген. Оның ішінде патрульдік полиция ротасы қызметінің инспекторы қызметінде 10 жыл және жедел криминалистикалық бөлімшесінде 11 жыл бойы қызмет атқарып келеді.
– Жедел криминалистикалық қызмет әрдайым ішкі істер органдарының құрылымында ерекше орын алады. Бүгінгі таңда қылмыстарды ашу криминалистердің мұқият жұмысына байланысты. Ашылған қылмыстар саны көп, бірақ есімде қалғаны – электр есептегіш құрылғысымен байланысты қылмыс. Пәтер ұрлығы миллион теңгеден астам шығынды құрады. Сол күні мен бірнеше саусақ іздерін алдым, бірақ ештеңе нәтиже бермеді. Тек электр есептегіштегі бір ғана саусақ ізі оң нәтиже берді, ол кезде тергеуде бұл жалғыз айғақ болды, – дейді Сұңғат Жақсыбергенов.
Майор полиция қызметкері үшін ең бастысы – оның отбасы, ал берік отбасылық өмірдің құпиясы – өзара сыйластық, өзара түсіністік, адалдық екенін айтады.
Ол жұбайы Гүлмира Жұмагелдиевамен кездейсоқ танысқан. Ал биыл ерлі-зайыптылардың отау құрғандарына 16 жыл толған. Отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр: екі ұл және екі қыз. Үлкен қызы Аружан – 15 жаста, ұлы Айбархан – 13 жаста, Айтуар – 11 жаста, Айлана – 9 жаста.
Тату отбасы жұмыстың қарбаластығына қарамастан, бос уақытты бірге өткізуге тырысады. Отбасы мүшелерінің әрқайсысының өз хоббиі бар. Мысалы, Аружан оқ атумен айналысса, Айбархан бокстан облыс чемпионы, Айтуар дзюдо және футболмен, кенжесі Айлана «Нұр шашу» хореографиялық ансамблінде бимен айналысады. Қызы мен ұлы болашақта өмірлерін құқық қорғау органдарымен байланыстыруды армандайды.
– Мен балаларыма оқуда, жұмыста, жалпы өмірде әрқашан дұрыс жолмен жүрудің, үлкендерді сыйлаудың маңыздылығын айтып отырамын, – дейді аға криминалист.
Айта кетерлігі, 2017 жылы Сұнғат Жақсыбергенов Павлодар облысының криминалистері арасында «2017 жылдың үздік маман-криминалисті» байқауында бірінші орынды иеленген. Сонымен қатар полиция қызметкерінің «Шебер тәлімгер» сыныптық біліктілігі, қару-жарақ, трасология, саусақ ізі, баллистикалық зерттеулер бойынша жұмыстарға әртүрлі рұқсаттары бар.