Екібастұзда қорқорға бақылау күшейді

Екібастұзда қорқорға бақылау күшейді
ЖИ иллюстрациясы

Ережеге бағынбайтын тұтынушы мен мекеме иесі бірдей жауапқа тартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеншілер шаһарының тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда тексерістерді күшейтуді жалғастыруда. Рейдтің мақсаты — заңмен қатаң тыйым салынған жерлерде қорқор шегу фактілерін анықтап, оның жолын кесу. Жыл басынан бері қалада кафе мен ойын-сауық орталықтарында темекі өнімдерін тұтынуға байланысты бірқатар құқықбұзушылық тіркелген.

Жуырда жергілікті мекемелердің бірінде демалушы ережелерді елемей, залдың ішінде қорқор шекпек болған. Полицейлер құқықбұзушылықты сол жерде тоқтатты. Нәтижесінде әкімшілік хаттама толтырылып, тыйым салынған жерде темекі шеккені үшін айыппұл арқалады.

— Мұндай тексерістер тұрақты түрде жүргізіледі. Біз кафе, барлар мен клубтарды аралап, тек құқықбұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, заң талаптарын түсіндіреміз, -  дейді Екібастұз қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов. 

Полицейлер қоғамдық орындардың түтіннен таза болуы үшін күресуде. Олар ережені бұзған демалушы мен мекеме иелерінің бірдей жауапқа тартылатынын қатаң ескертеді.